Ең бақытты әйел!
Ең бақытты әйел!

Құрметті оқырман! Алланың жәрдемімен күні кеше «Ең бақытты әйел!» атты кітабымды аяқтаған едім. Әлі жарыққа шығып үлгермеді. Осы кітаптағы мәліметтерді өздеріңізбен бөліссем деген ізгі ниетім бар. Теңіз тамшысындай болса да ел-жұртымызға пайдамыз тиіп жатса біз үшін үлкен жеңіс болар еді. Ендеше осы кітаптың кіріспесін назарларыңызға ұсынамын. Іске сәт!

Бұл кітапты жазуға деген ой қоғамдағы қажеттіліктен туындап отыр. Бүгінгі таңда әйел баласының қадір-қасиеті төмендеп, өмірдегі негізгі міндеті мен мақсаты ескерусіз қалып бара жатқандай. Болашақ аяулы жар, салиқалы ана емес, жарнамаға әр беретін әдемі көрініс немесе уақытша қолданып, тастап кете баратын зат па дерсің. Бұлай болған күнде адамзат болашағының шыңырауға құлайтынына күмәніңіз болмасын. Өйткені әйелдің ар-намысын бәрінен жоғары қойып, бағалай білмеген елдің болашағы бұлыңғыр.

Халқымыз: «Қоғам бұзыларда әуелі әйел бұзылады», – дейді. Бұл ащы болса да ақиқат. Алайда бұл айтылған аталы сөзді басқа қырынан алып қарайтын болсақ, «Қоғам түзелерде, әуелі әйел түзеледі» деген мағына шығады. Расында да бүкіл әлем салиқалы аналардың тәрбиесіне мұқтаж, өйткені ана – саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеуші. Халқымыз: «Қыз өссе – елдің көркі», «Елді қорғайтын – ерлер, ерлерді тәрбиелейтін – әйелдер» десе, тағы бірде: «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» – дейді. Демек, әйел бақытының, әйел тәрбиесінің, салиқалы әйелдің саналы ғұмырының – ұлт болашағына, тіпті әлем болашағының баянды болуына тигізер үлесі орасан зор. Қыз баланың тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, қадіріне жете білген қоғам қашанда өзгелерден озық тұрары сөзсіз. Хадисте «Егер мұсылманның екі қызы болып, оларды жақсы мінез-құлықпен тәрбиелеп өсірсе, ол екі қызы оның жаннатқа кіруіне себепкер болады»[1] – делінген. Пайғамбарымыздың осы сөзінен белгілі бір қоғамның немесе бүкіл әлемнің аяғынан тік тұрып, өшкен құндылықтарымен қайта қауышып, рухани кемелдікке қадам басуында қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызы бар екенін аңғаруға болады.

Отбасылық өмірде де әйел адамның алатын орны орасан зор. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Әйел өмірдің сәні! Әйел – сұлу жаратылыс! Шіркін, әйел кісі жаратылудағы міндетін дұрыс жолда қолданып, дұрыс атқара білсе, небір кереметтердің куәсі болар едік! Жұдырықтай ғана жүрегі иманға толы мүмін әйелдер мен мүмін ерлердің ерен ерлігін Құран бізге былайша баяндайды: «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне шын жанашыр дос болып табылады. Олар елге ізгілікті, жақсылық жасауды бұйырып, жамандық атаулыдан тыяды. Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқиды, зекетті толық береді және Аллаға және пайғамбарына әрдайым бағынады. Міне, соларды Алла арнайы түрде шексіз мейіріміне бөлейді. Шүбәсіз, Алла – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Хаким (әр ісі мен әрбір үкімінде талай хикмет болған асқан даналық иесі)»[2]

 

Құрметті оқырман!

 Кітап әлемдегі нәзік те ең сұлу жаратылыс – әйел адамның бақытына арналады. Кітапта әйел кісіге өз өмірі мен отбасылық өмірін бақытты етудің жолдары ұсынылады. Әйел бақыты, салиқалы әйелдің саналы ғұмыры – толыққанды қоғамның кепілі екені кеңінен талқыланады. Әйел мен ер адам арасындағы психологиялық айырмашылық пен өзара түсініспеушіліктің алдын алу жолдары да жан-жақты қарастырылады. Отбасын бақытты етудің қыр-сыры баяндалып, әйгілі тұлғалардың өмірінен өнегелер келтіріледі. Әйел кісіге фәни өмірдің ғана емес, ақиреттің де  бақытына жету жолдары аят-хадистер арқылы көрсетіледі. Бақытты ғұмыр кешу әрбір жанның үкілеген арманы! Сол арманға қалайша қол жеткізсе болады? Өмірде шын бақытқа қол жеткізген қаншама жандар бар. Олардың бақытқа жетуінің сыры неде? Біз қай тұста мүлт кеттік? деген сынды сұрақтарға жауап береді. Кітапты жазу барысында аят-хадистер және осы салаға елеулі үлес қосып, қалам тербеген заманымыздың ғалымдары: Әбу Шиһәбуддин Насир әш-Шәфиғидің «Әсғаду Зәужә фил Әләм», Махмуд Мәһди Истанбулидің «Тухфатул арус», Нұр-Мүбәрак университетіндегі ұстазым Халид Ғанимнің "Зәуаж фи зиллил ислам" (кітабы әлі жарық көрмеді), Мұхаммед Аман ибн Али әл-Жамидің, «Низамул усра фил ислам», Невзат Тарханның «Кадын псиколожиси», Тунжер Елмажыоғлұның «Анлашарак мутлу яшайын», Равиль Мустафинның «Дружная семья», Джон Грейдің «Мужчины с Марса, Женщины с Венеры», Стив Харвидің «Мечтай как женщина, побеждай как мужчина», Аид ибн Абдулла әл-Қарнидің «Не грусти, рецепты счастья и лекарства от грусти» атты кітаптары негізге алынды. Осы аталмыш кітаптардың ішінен негізгі қаймақтарын теріп, өзара байланыстырып, қазақи, мұсылманшылық танымда барынша ыңғайлы, жеңіл етіп ұсынуға тырыстық. Тек оқып, өзіңізге керегін ала білсеңіз болғаны! Алла жар болсын! Әлемде бақытты жандар көбейе берсін!

                                                                                                                                                   "Ең бақытты әйел!" кітабынан. Данияр Сүлейменов.

 



[1]    Бұхари, «Әдәбул Муфрад», 41. 
[2]    «Тәубе» сүресі, 71-аят. 
Данияр  СулейменовДанияр Сулейменов
8 жыл бұрын 25489
4 пікір
Блог туралы