Әйелге тән сұлулық! ("Ең бақытты әйел" кітабынан)
Әйелге тән сұлулық! ("Ең бақытты әйел" кітабынан)

Сіз бақытты болу үшін жаралғансыз

Бақытсыз болу да өзіңізге байланысты

Таңдау сізде!

Әлем – сұлулыққа тұнып тұр! Айналаңызға зер салып қарасаңыз, Ұлы Шебердің шеберлігі мен асқан даналығын паш ететін сән көрмесінде жүргеніңізді аңғару қиын емес! Көрмедегі әрбір жаратылыс өзінше сұлу! Әрбір жаратылыс бойындағы сұлулығы мен айналаға көрік сыйлайды. Күлім қаққан күн мен жымыңдаған жұлдыздар, ақша бұлттар мен иісі жұпар аңқыған түрлі-түсті гүлдер, балапанын бауырына басып, айналаны әсем-әнге бөлеген құстар әлемі, аспан мен таласқан асқар таулар мен жан-жануарлар, өзен-көлдер – бәрі, бәрі де сұлу! Солардың ішінде ең сұлу әрі ең көркем бейнеде жаратылған – адамзат баласы! «Шүбәсіз, Біз адам баласын ең көркем, ең керемет бейнеде жараттық»[1] Ал, адамзат ішінде әйел кісіге Алла тағала ерекше сұлулық пен нәзіктік сыйлаған.

Иә, әйел – өте сұлу жаратылыс! Ықылым заманнан бері әйелдің сұлулығы ақындар өлеңіне арқау болып, ғасырдан-ғасырға ұласып келеді. Әйел сұлулығы, әйел көркі бір қауымның абыройын асқақтатып, мерейін үстем етсе, енді бірінің абыройын айрандай төгіп, тіпті түбіне де жеткен. Себебі сұлулық бар жерде оған деген қызығушылық пен мастану қатар жүреді. Пайғамбарымыз: «Артыма ер адамдар үшін әйел затынан өткен жаман сынақ қалдырған емеспін»[2]– деген. Олай болса әйелге тән осынау сұлулықтың өлшемі мен мақсаты не?

Байқасаңыз, әлемдегі әрбір жаратылыстың өзіндік мақсаты мен міндеті бар және әрбір жаратылыс өзінің сол міндетін қалтқысыз орындаумен сұлу! Мысалы, мінезі қоянға ұқсаған арыстанды немесе қасқырды көрдіңіз бе? Елестетіп көріңізші, қандай сүйкімсіз болар еді. Немесе, қылығын әйелге ұқсатқан еркекке қарасаңыз, ерге тән сипатын жоғалтқан соң көзге түрпідей тиеді. Сол секілді адамзат баласының оның ішінде әйел кісінің де өзіне тиесілі Алла алдындағы және қоғам алдындағы міндеттері бар. Әйел кісі өзіне жүктелген міндетін орындағанда барып сұлулығы кемелдене түседі әрі өміршең болады.

Асылында, әйел адамның шынайы сұлулығын ашатын бояғыш құралдар (косметика) емес – оның жаратылыс міндеттері. Бояғыш құралдың да әйел өмірінде өзіндік орны бар, оны жоққа шығара алмаймыз, бірақ әйелдің шынайы сұлулығы бояғыш құралмен өлшенбейді.

Сіз қыз баласына тән табиғатыңызбен сұлусыз. Сіздің сыңғырлаған күлкіңізге, назды үніңізге, аялы алақаныңызға әлемде еш нәрсе тең келмейді. Бірақ әр нәрсенің өзіндік мақсаты бар, соны естен шығармаған жөн. Сізге Алла тарапынан берілген осы артықшылықтар белгілі бір мақсатта дамып жатқанын біліңіз. Сіздің өз табиғатыңызды сақтауыңыз – болашақтағы ұлы бір іске дайындық. Ол – аяулы жар болу, мейірімді ана атанып, бір қолыңызбен бесік тербетсеңіз, екінші қолыңызбен әлемді тербету!

Демек, сіздің Алла алдындағы жаратылыс міндетіңіз құлшылық болса, қоғам алдындағы міндетіңіз – салиқалы ана атанып, салиқалы ұрпақ тәрбиелеу! Сіз осы екеуін орындар болсаңыз, сұлулығыңыз өміршең болады.

Расында да әйел баласы Аллаға ғибадат жасап, күйеуіне бойсұну арқылы аяулы жар, үлгілі келін атанады. Жаннаттың қалаған есігінен кіру мәртебесін иеленеді. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Әйел бес уақыт намазын оқып, (Рамазанда) оразасын ұстаса, ар-намысын сақтаса және күйеуіне бағынса, оған жаннаттың қалаған есігінен кірсін делінеді»[3]– дейді. Хадистен байқасаңыз, Алла елшісі әйел кісінің Аллаға құлшылық етіп, күйеуіне бойсұнуын ақиреттің мәңгілік бақыты жаннатпен байланыстырады. Демек әйел кісі салиқалы істер арқылы (әйел үшін салиқалы амалдың ең үлкені – Аллаға ғибадат ету және күйеуі мен ата-анасына бойсұну) ақиретте осындай сыйға бөленетін болса, дүниеде де көптеген жақсылықтарға кенелері сөзсіз. Бұл ақиқат Құранда былайша баяндалады: «Мейлі ер болсын, әйел болсын, кімде-кім мүмін ретінде (Алланың разылығына бөлейтін) сауапты да игілікті істер атқарса, Біз оған міндетті түрде пәк әрі жақсы өмір сыйлаймыз. Сондай-ақ оларды дүниеде істеген ең игі, ең жақсы істерін ескере отырып, сый-сияпатқа бөлейміз»[4]

Аяулы ана атану – әйелді сұлу ететін бақыттың бірі! Ал үлгілі ана бола білу, әйел кісіні екі дүниенің де бақытына жеткізеді. Пайғамбарымыз: «Кімде-кім екі қыз тәрбиелеп өсірсе, қиямет күні мені мен ол кісің арасы осылай жақын боламыз»[5] –  деп екі саусағының арасын көрсеткен. Ана болу – адам тәрбиелеу. Адамды надан емес, адам қылып өсіру үлкен жауаптылықты қажет етеді. Ешкім аспаннан аяғы салбырап жерге түсе салған жоқ, хан да, қара да, батыр да, ақын да, данышпан да анадан туған. Араб халқында: «Ана – мектеп, медресе», – деп айтылады. Өйткені әрбір жеке тұлғаның фундаментальді тәрбиесі аналардың ықпалымен жүзеге асады.

Сіздің аяулы ана атанып, салиқалы ұрпақ тәрбиелей білуіңіз – жан сұлулығыңыздың айғағы мен көрінісі. Сіз тәрбиелеп өсірген ұрпақ кейінгі буынға өнеге болып, дәл өзіңіздей салиқалы ұрпақ тәрбиелеп өсіруге ат салысады. Міне, бұл – сіздің сұлулығыңыздың бұл дүниеде жалғасын табуы! Ал Алла алдында маңдайыңызды сәждеге қойып, салиқалы ұрпақ жетілдіру арқылы сіздің ақиреттегі сұлулығыңыз тіптен керемет әрі мәңгілік болады. Бұған айғақ Пайғамбарымыздың мына хадисі: «Мүминдердің анасы Үммі Сәләмә Алла елшісінен: «Осы дүниедегі әйелдер абзал ма, хор қыздары ма?» – деп сұрайды. Алла елшісі: «Киімнің сыртқы жағы ішкі жағына қарағанда әдемірек болады, сол секілді осы дүниедегі әйелдер хор қыздарынан да әсем болады», – деп жауап береді.

     – Не үшін олай?

     – Оқыған намаздары мен тұтқан оразалары және жасаған мінәжаттары үшін Алла тағала олардың жүздерін нұрға бөлеп, тәндерін жібектей етеді. Түстері аппақ, киімдері жап-жасыл, әшекейлері сары, асыл тастары – інжуден, тарайтын тарақтары алтыннан болады. Олар былай деп айтады: «Естеріңде болсын! Біз мәңгі боламыз, ешқашан өлмейміз. Ұмытпаңдар, біз әрдайым қуаныш пен шаттықтамыз, ешқашан ренжімейміз, ашуланбаймыз. Бізді алған ерлерге неткен қуаныш және бізге де неткен қуаныш!»

     – Уа, Алла елшісі! Кейбір әйелдер осы дүниеде екі рет, үш рет, тіпті төрт рет тұрмысқа шығып жатады. Олар өлгеннен кейін онымен бірге бәрі жаннатқа кірсе, олардың қайсысы оның жұбайы болады?

     – Уа, Үммі Сәләмә! Оған таңдау еркі беріледі. Арасындағы ең әдептісін таңдайды да, Жаратушы Иеге: «Уа, Раббым! Мына кісі өткен дүниеде ең әдептісі еді, мені соған қоса көр!» – деп тілейді. Уа, Үммі Сәләмә! Көркем мінез екі дүние жақсылығын алады».[6]

Сұлулығыңызды шынайы әрі мәңгі ететін мүмкіндікті жіберіп алмаңыз! Алла жар болсын!

(Хадистен ер кісілерге де алатын ғибрат бар: «Әйеліңізбен мәңгі бірге болғыңыз келсе, көркем мінезбен қарым-қатынас жасаңыз! Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз: «Ең жақсыларың – әйелдерімен жақсы қарым-қатынаста болғандарың»[7], – деген.) 


[1] «Тин» сүресі, 4-аят.

[2] Бұхари, никах, 17.

[3] Фәйзул-қадир, 1-том, 392-бет.

[4] «Нахл» сүресі, 97-аят.

[5] Мүслим, 2631.

[6] Әл-Һәйсәми, Мәжмағуз Зәуәид, 7/184, №11396. (https://islam.kz)

[7] Тирмизи, рада 11.

Данияр  СулейменовДанияр Сулейменов
7 жыл бұрын 13641
1 пікір
Блог туралы