Не үшін қайғырасыз?
Не үшін қайғырасыз?

Қайғыру, мұңға бату, уайымға берілу – адам табиғатына тән нәрсе. Бірақ қайғының да өлшемі бар.

Орынсыз қайғы адамның алға қойған мақсатына деген талпынысы мен белсенділігін азайтып, адамның өзін бақытсыз сезінуіне алып барады. Адам өмірін көңілсіз ету арқылы айналадағы өмірдің ғажайып тұстарын көруден тосады, өмірдің мәнін кетіреді. Орынсыз қайғы – адамның болмашы бір қиындық үшін қайғыға салынуы немесе Абай атамыздың сөзімен айтқанда мал-дүние үшін қам жеуі. Мұндай қайғыға салыну ардақты етіп жаратылған адам үшін өзін төмендету болып саналады.

Адам үнемі қайғыға салынып жүре алмайтыны секілді қайғысыз да бола алмайды. Себебі өмір сынақтары адамды белгілі бір деңгейде мұңға батырмай қоймайды. Тіпті қайғының өзі де адам үшін сынақ болып есептеледі. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Алла тағала мұсылман құлының басына келген шаршап-шалдығу, ауру-сырқау, үрей, уайым, күйініш пен қайғы-қасірет секілді қандай да бір ауыртпашылық себепті, тіпті, қолына немесе аяғына кірген кішкене тікен үшін де оның күнәларын жарылқап кешіреді»[1], – дейді. Демек, қайғының өзі сынақ болса, төмендегі қағиданы негізге ала отырып сіз сабырды қалқан етесіз. Осы сіз үшін қайырлы, мол сауап! Пайғамбарымыз: «Мүміннің жағдайы қандай ғажап! Шын мәнінде, оның әрбір жай-күйі өзі үшін қайырлы болмақ, бұл – одан өзгеге бұйырмаған бақыт. Ол қандай да бір қуанышты жағдайға тап болса, шүкір етеді. Мұнысы өзі үшін қайырлы болады. Ал басына бір қиындық түссе, сабырлық танытады. Бұл да өзі үшін қайырлы болады»[2], – деген.

Басыңызға қайғы келсе ұмытпаңыз, қиындықтан кейін міндетті түрде жеңілдік бар. Қараңғы түн артынан күлімдеп күн шығарын, қыстың қатты аязынан соң жадырап жаз келерін де ескеріңіз. Бұл ақиқат Құранда былайша баяндалады: «Демек, әрбір қиындықпен бірге, сөзсіз, жеңілдік бар», «Иә, рас, әрбір қиындықпен бірге жеңілдік бар»[3]

Иманды да ақылды адам әрбір сәтін ақиреті мен дүниесінің пайдасына шешеді. Ендеше сіз де уайым-қайғының өзін ақиреттік және дүниелік пайдаңыз үшін қолдануға тырысыңыз. Оның алғашқы қадамы:

–          Орынсыз қайғыны тастап, одан құтылуға көмектесетін әрекетке көшу. Абай атамыз: «Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ақирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кәніш (іс-әрекет, жұмыс) болса керек. Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздығыңа уайым қайғы қыл дағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық қарекет (әрекет, іс, жұмыс) табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды қарекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкімен азайтпа, орынды қарекетпен азайт» («Төртінші қара сөз»).

Себебі әрекетсіздік, яғни, уақытын босқа өткізу және бос нәрселермен шұғылдану адамды күнәға, азғындыққа итермелейді. Ал күнәһар адам егер дер кезінде тәубе етпесе, түбі қайғы-қасіретке душар болуы мүмкін. Абай атамыз бір өлеңінде:

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық.

Аздырар адам баласын, – дейді. Теннисон өзінің жақыны қайтыс болғанда: «Мен шұғыл еңбекке берілмесем, қайғының астында қаламын» – деген.

–          Орынсыз қайғыны ұлы мақсаттарға негізделген орынды уайым-қайғымен алмастырыңыз. «Орынсыз, бос нәрсемен айналысуға өмір тым қысқа» (Андре Моруа). Оның әуелгісі:

  1. Аллаға деген құлшылығыңызды уайымдау. Яғни, Алла тағаланың құзырында құлшылығым қабыл болды ма, жоқ па? – деген уайым. Осы нәрсе сізге ғибадатқа мұқият қарауға әрі құлшылықта тереңдеуге көмектеседі.
  2. Басқалардың бақытын ойлап уайым жеу. Оған сіздің ата-анаңыз, отбасыңыз, бала-шағаңыз, ағайын-туыс құрбы-дос т.б. жатады. Пағамбарымыз: «Ешбірің өзіне қалағанын мұсылман бауырына да тілемейінше, толық иман еткен болып саналмайды»[4] – деген. Мысалы сіз, ұл-қызыңызды еліне, жеріне, тілі мен дініне адал қызмет ететін салиқалы ұрпақ етіп тәрбиелеуді көздеп, осынау ұлы мақсат жолында уайым жеп, қайғы ойласаңыз, демек, сіз бұл жолда барыңызды саласыз, қандай қиындық болса да төтеп бересіз. Себебі ұлы мақсат жолында уайым жеп, қайғы ойлаған адамның Абай атамыз айтқандай қолға алған ісі мен шаруасы өзгенікінен жинақырақ келеді.

Өзіңіз ойлап көріңізші, әрбір әйел кісінің уайым-қайғысы осындай ұлы мақсаттарға негізделген болса, қоғамда қаншалаған салиқалы ұрпақ пен өзгелер үшін өмір сүретін небір алып тұлғалар жетіліп шығар еді?!

Сіз де құрметті азаматша осы қағиданы жаңғыртыңыз. Орынсыз қайғы емес, ұлы мақсат жолындағы уайым мен қайғы сіздің бойыңыздан көрініс тапсын!

 "Ең бақытты әйел" кітабынан.



[1]    Бұхари, мәрда 1; Мүслим, бирр 49

[2] Мүслим, зуһд 64

[3] «Инширах» сүресі, 5-6-аяттар.

[4] Бұхари, иман 7; Мүслим, иман 71.

Данияр  СулейменовДанияр Сулейменов
7 жыл бұрын 8659
0 пікір
Блог туралы