Алла тағала кімдерді жақсы көрмейді?
Алла тағала кімдерді жақсы көрмейді?

Құранда Алла тағала кімдерді жақсы көретінін құлдарына білдіргені секілді, кімдерді жақсы көрмейтінін де баяндайды. Шексіз Құдірет, асқан Мейірім Иесі Алла тағала құлдарына неткен мейірімді десеңізші! Құлдарым Маған қарай жақындасын деп кімді жақсы көріп, кімді жақсы көрмейтініне дейін баяндаған. Бізге тек, амал ету ғана қалды.

 –          ...Шүбәсіз, өзін әлдеқандай көретін мақтаншақты Алла жақсы көрмейді.[1]

Яғни, тәкаппар, туысқандары мен көршілеріне мұрнын шүйіріп қарайтын, адамдардың арасында мақтанып олардан өзін жоғары һәм артық санайтын адамды Алла жақсы көрмейді.

–          ...Шүбәсіз, Алла опасыздық һәм күнә жасауда тым шектен шыққандарды жақсы көрмейді.[2]

                Яғни, шектен шыққан қиянатшыл әрі күнәнің батпағына белшесінен батқандарды жақсы көрмейді[3].

–          Уа, иман келтіргендер! Алланың сендер үшін адал еткен таза әрі денсаулыққа зиянсыз нығметтерін өздеріңе харам қылмаңдар һәм (оларды ысырап қылу арқылы) шектен шықпаңдар. Шүбәсіз, Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді.[4]

–          ...Шүбәсіз, Алла опасыздарды мүлде ұнатпайды.[5]

–       Шүбәсіз, Алла иман келтіргендерді әрдайым қолдап, қорғайды. Шынында, Алла опасыз әрі рақметі жоқтардың ешқайсысын жақсы көрмейді.[6]

–          ...Қауымы оған: «Байлығыңның буына мастанып есірме, Шүбәсіз, Алла есіргендерді ұнатпайды!» – деп ескерткен еді»[7]

–            «Әрі оған: «Алланың өзіңе нәсіп еткен осынау байлықпен ақиреттегі мәңгілік бақыт мекеніне жетуге тырыс. Бұл дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алланың өзіңе шексіз шарапатын тигізіп, жақсылық жасағанындай, сен де өзгелерге жақсылық жаса. Бұл жерде лаң салып, бүліншілік жасауды көксеме! Шүбәсіз, Алла бұзақыларды әсте жақсы көрмейді», – деп насихат айтқан еді.[8]  

Бұл екі аят Алла тағала жерге жұттырып жіберген Қарун байдың Құранда келген қиссасын баяндайтын аяттардан[9].

Қарун бай (Қарынбай) – Исрайыл ұрпақтарының ішінде Алла тағаланың мол байлыққа кенелткен пендесі. Байлығының көптігі сонша – қазынасының кілттерін адамдардың ішіндегі қара күштің иелері көтеріп жүретін. Уақыт өте келе Қарун бай Алла берген осыншама байлықтың буына мастанып тәкаппарлыққа салына бастайды. Қауымы арасындағы Аллаға иман келтірген адамдар оған: «Байлығыңа мастанып тәкаппарлыққа салынба, бұл байлықты берген Алла, ендеше, Раббыңа шүкіршілік қыл және мал-дүниеңді ысырап етпей Алланың разы болатын амалдарына жұмса, жоқ-жітік, кедей-кепшіктерге қарайлас» – деп насихат айтады. Бірақ байлықтың буына мастанып, көзін шел басқан Қарун бай олардың айтқан насихатына құлақ аспайды. «Қарун оларға: «Бұл байлық маған бойымдағы ілімнің арқасында ғана берілді», – деп асылық қылды».[10]

Тәкаппарланған үстіне тәкаппарлана түсті. Ақыры, Алла тағала оны салтанатты сарайымен бірге жерге жұтқызып жібереді. «Ақыры, оның өзін де, салтанатты сарайын да жерге жұтқызып жібердік. Сонда Алланың осынау пәрменіне қарсы, оған қол ұшын беретін бірде бір топ болмады. Сондай-ақ ол (сонша байлығы һәм соншама нөкерімен) өз қара басын да қорғай алмады».[11]

 

Бұл аяттарда, ой жүгірткен адам үшін керемет насихаттар бар. Соларға жеке-жеке тоқталып өтейік:

–          «Алланың өзіңе нәсіп еткен осынау байлықпен ақиреттегі мәңгілік бақыт мекеніне жетуге тырыс...»

Яғни, өзіңе берілген байлық-несібені Раббыңның разылығы үшін, шынайы ықыласпен, сауап үміт ету арқылы дүние мен ақиретіңе пайда келтіретін жақсы істерге жұмса. Өйткені бұл дүниеде еккеніңді ақиретте орасың. Дүние – ақиреттің егіс алқабы.

–          «...Бұл дүниедегі несібеңді де ұмытпа...»

Яғни, Алла тағала рұқсат еткен шеңберде дүниелік несібеңді де ұмытпа. Мысалы, үйленіп үй болу, ішіп-жеу, киім-киіс, үй тұрғызу т.б. шариғат тыймаған істер.          

–          «...Алланың өзіңе шексіз шарапатын тигізіп, жақсылық жасағанындай, сен де өзгелерге жақсылық жаса...»     

Яғни, Алланың өзіңе жақсылық жасағанындай сен де басқаларға шамаңның келгенінше байлық-мансабыңмен әрі көркем мінез таныту арқылы жақсылық қыл. Бұл жердегі жақсылыққа адам қолынан келетін барлық жақсылық түрі жатады.

–          «...Бұл жерде лаң салып, бүліншілік жасауды көксеме! Шүбәсіз, Алла бұзақыларды әсте жақсы көрмейді».     

Яғни, адамдарға әділетсіздік танытып, зұлымдық жасап, зиян тигізу арқылы жер бетінде бұзақылық жасап, бүліншілік қалама[12]. Өйткені: «...Шүбәсіз, Алла бұзақыларды әсте жақсы көрмейді»

–          «Ешкімге мұрныңды шүйірме, жер бетінде кердеңдеп жүрме! Шүбәсіз, Алла кеуде керіп, менменсіген мақтаншақтардың ешбірін ұнатпайды».[13]

Яғни, адамдарға менсінбей қарап, тәкаппарлықпен теріс айналма[14] және жер бетінде тәкаппарланып жүрме, өйткені Алла тағала өзін ұлық көретін, басқалардан артық һәм жоғары санайтын, кеуде керіп даңдайсып жүретін адамды жақсы көрмейді[15].

Мұндай сипаттардан Алла баршамызды сақтасын!

"Ең бақытты әйел" кітабынан.



[1]      «Ниса» сүресі, 36-аят.

[2]      «Ниса» сүресі, 107-аят.

[3]      Али әс-Сабуни, «Сафуатут-Тәфәсир», 1/302.

[4]      «Мәида» сүресі, 87-аят.

[5]      «Әнфәл» сүресі, 58-аят.

[6]      «Хаж» сүресі, 38-аят.

[7]      «Қасас» сүресі, 76-аят.

[8]      «Қасас» сүресі, 77-аят.

[10] «Қасас» сүресі, 78-аят.

[11] Уһбатуз Зуһәйли, «Тәфсирул Мунир», 10-том, Димашқ, 2009 ж.

[12]    Уһбатуз Зуһәйли, «Тәфсирул Мунир», 10-том, Димашқ, 2009.

[13]    «Лұқман» сүресі, 18-аят.

[14]    Қуртуби 14/70.

[15]    Али әс-Сабуни, «Сафуатут-Тәфәсир», 2/493.

 

Данияр  СулейменовДанияр Сулейменов
8 жыл бұрын 6625
0 пікір
Блог туралы